ГККП «Дом культуры молодежи»

«Айтамын сізге мың алғыс» атты мерекелік концерті өтті

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде атап өтуді белгіледі. Бұл күн – мейірімділіктің, бүкіл Қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі.

Осыған орай 2020 жылдың 1 наурыз күні Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Жастар мәдениет үйі» МКҚК-нің ұйымдастыруымен Алғыс айту күніне арналған Халықаралық «Жұбанов көктемі», «CASPI ART» фестивальдерінің лауреаты, ІІІ Халықаралық «KAZAN MUSIC ЙОРТ» байқауының Гран-при иегері орыс халық аспаптары оркестрінің «Айтамын сізге мың алғыс» атты мерекелік концерті өтті. Оркестрдің музыкалық жетекшісі және дирижері Шамғон Қажығалиев атындағы ІІ Республикалық дирижерлар байқауының дипломанты Айгүл Джумашева.

Кеш барысында Орал қаласы әкімінің орынбасары Нарымбетов Бақытжан Хаберұлы атаулы мерекемен жиналған қауымды құттықтады.
Шығармашылық кеште орыс халық аспаптары оркестрінің орындауында Орыс және қазақ халқының әндері, сондай-ақ, әлем классикасының шығармалары орыс халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен орындалып, өз кезегінде өнер сүйер қауымның жүрегіне жол тапты.
Өнер кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Амирханов, Халықаралық байқаулардың лауреаттары Ақсұлу Жұмалиева, Қадырболат Едиров, Евгений Курдюков, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов, Бүкіл ресейлік әншілер байқауларының лауреаты Наталья Санбаева, Республикалық байқаулардың лауреаты Альбина Наурызалиева, Айна Досмухамбетовалар және Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттік хоры /Жетекшісі Халықаралық байқаулардың лауреаты Игорь Шмидт/ оркестрдің сүйемелдеуімен әдемі үйлесім тапқан әсем әуендерімен сүйсіндірсе, Бұлбұл Сапарғалиева, Мейрамгүл Таңатова жетекшілік ететін «Салтанат» би ансамблі мың бұралған билерімен кештің көркін келтірді. Кешті тамашалауға келген меймандар оркестрдің кәсіби шеберлігіне құрмет көрсетіп, ілтипат білдірді.

Designed by TORUS.KZ